«Қамқор» балалар үйінің 40-жылдығына арналған республикалық семинар Печать

«Қамқор» балалар үйінің 40-жылдығына  арналған республикалық семинар

«Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту мәселелері»

Талдықорған қ., «Тіл сарайы», конференц-залы

Ұйымдастырушылар: «Алсем-Астана» ғылыми-әдістемелік орталығы, «Қамқор»  Талдықорған балаларға арналған психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік  мекемесі» ММ 

 Өткізілген күні: 2 наурыз 2012жыл

Өткізілген орны: Талдықорған қаласы, «Тіл сарайы»,  конференц залы  

Семинардың мақсаты: Мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын  заманауи үрдістерге сай оңалту мәселелерін талқыға салу және  «Қамқор»  Талдықорған балаларға арналған психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік  мекемесінің»  өзіндік тәжірибесімен танысу.

 

Семинарды модератор Алматы облысы әкімінің орынбасары, Мұқанов Серік Мейірханович кіріспе сөз сөйлеп ашты. Ол өз сөзінде төмендегі жайлардан ақпарат берді: «Бүгінгі семинардың ұйымдастырушылық-дайындық жұмыстарын өз міндетіне алып,  оның республикалық дәрежеде өтуіне ат салысқан республикаға танымал  еңбек ұжымы - «Алсем-Астана» ғылыми-әдістемелік орталығы екенінен өздеріңізді хабардар етеміз. Орталықтың бас директоры: Жұмақасова Қамажан Ғабдрашқызы, Астана қаласы. Орталығыңыздың жұмысына табыс тілеймін!

Сонымен қоса, семинардың жұмысына үлкен қолдау көрсетіп, оның сәтті де мазмұнды өтуіне мұрындық болған  мемлекеттік органдарға үлкен алғыс білдіремін! Олар: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне (семинарға басқарма бастығы Табергенова Айгүл Олжабаевна қатысып отыр), Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы (семинарға басқарма бастығы Балабиева Ұмсын Абиболлаевна өзінің қызметкерлерімен қатысып отыр) және «Қамқор» балалар үйі ұжымы (директоры: Байсымақова Айгүл Болатбекқызы).

Семинарымызға еліміздің батыс, шығыс, оңтүстік, орталық өңірлерінен өкілдер қатысып отыр. Астана және Алматы қалаларынан үлкен делегация келді. Алматы облысы мәслихатынан өкілі (депутат Сапожников Валерий Иванович), Талдықорған қаласы әкімдігіне қатысты ұжымдардан, еңбек ардагерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері семинарға қатысып отыр. Баршаңызға: «қадамдарыңызға гүл бітсін, семинар сәтті өтсін!» деген тілектеміз. Облыс экономикасы дамып, халықтың әлеуметтік саласына бөлінетін қамқорлықтар да ұлғайып отыр. Мысалы 2010 жылы көрсетілген көмек 4,9 миллиард теңге болса, 2011жылы бұл көрсеткіш 5,3 миллиард теңгеге көтерілді. Биылғы жылдың көрсеткіші бұдан да жоғары. Оның ішінде Алматы облысы медициналық-әлеуметтік мекемелерге ерекше көңіл бөліп отырғанын да айрықша атап өткеніміз орынды. Балалар үйлерінің бюджеттен қаржыландырылуы 59 пайыздан асты. Оған қоса қаржы республикалық бюджеттен де бөлінуде. Бөлінген қаржыны дұрыстап мақсатты жұмсау әрқайсысымыздың міндетіміз. Бұл бағытта облыс әкімі де қолдау жасап, әрдайым көмектесуде. Жан-жақты қамқорлықтың нәтижесінде жалпы облыстағы балалар үйінің материалдық базасы ауыз толтырып айтарлықтай. Балаларға қажетті техникалық жабдықтардың барлығы бар. Физиокабинеттер мен емхана, жаттығу бөлмелері де ойдағыдай. Осылардың ішінен «Қамқор» балалар үйінің техникалық инновациялық бағыт, талпыныстарын ерекшелеп атап өтуге лайықты. Мүгедек жандарды өмірге қайта қосу дегеніміз ол үлкен жетістік-, дей келе алғашқы баяндамашыға сөз берді.